АИТВ орталығының ардагерлері ұзақ жылғы тәжірибесімен бөлісті

- admin_atsc
- 13.12.2024
- Жаңалықтар
- Пікір жоқ
Атырау облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Айгүл Кудаманованың бастамасымен әр жылдары осы орталықты басқарған басшылар және көп жылдар қызмет атқарып, осы жерден зейнетке шыққан ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды.
«Орталықтың іргетасын қалап, оның нәтижелі жұмысына көп жылдар маңдай терін сіңірген ардагерлердің тәжірибесі кейінгілерге үлгі. Сондықтан, Дүниежүзілік ЖИТС пен күрес күніне арналған іс-шараларды қорытындылап, АИТВ-ның алдын алуға бар үлестерін қосқан сіздермен кездесіп отырмыз, -деді орталық директоры А.Кудаманова.
Алғаш тіркелгенде бүкіл адамзат қорыққан АИТВ/ЖИТС аз уақыт ішінде жер шарында тез таралып, онымен жаһандық күрес басталды. Атырау облыстық ЖИТС орталығы тарихында тыңнан түрен салғандай аса жауапты жұмысты ұйымдастырып, жалғастырған, өзіндік іздерін қалдырған басшылар бар. Еліміздегі экономикалық қиыншылықтар мен дағдарыстар кезінде құрылған орталықтың материалдық-техникалық базасын күшейтіп, штатын көбейтіп, автокөліктер алдыртқан Раушан Бақтығалиқызының, көптеген жылдар бойы ескі ғимараттарды жалға алып, 2014 жылы қазіргі типтік ғимараттың салынуына мұрындық болған Гүлсім Жұбанышқызының, шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін алып берген Меңдіхан Өтепқалиевтің, ғимараттың бірінші қабатына реконструкция жасап, АИТВ қызметінің 30 жылдығын республика деңгейінде ұйымдастырған Нұрқабыл Айтмұхамбетовтың, жаңа зертханаға заманауи құрылғылар алып, жұмысты заман талабына сай жалғастыруға мүмкіндік берген Байтолла Ғазизовтың және ЖИТС орталығының 1989 жылы негізін қалап, 2023 жылы басшылық қызметке келгенде АИТВ орталығы деп атауын өзгерткен, зертхананы ISO 15189-2015 стандартына сай аккредитациядан өткізген Қуаныш Нұрмұхановтың еңбектері еш ұмытылмайды.
Кездесуге келген ардагерлер өздері қызмет еткен жылдарда АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мақсатында елімізде қолға алынған бағдарламалар туралы, олардың жыл өткен сайын жетілдірілгенін айтты. Мәселен, елімізде 1986 жылдан бастап халықаралық ұсыныстар кезең-кезеңмен енгізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 12 профилактикалық бағдарлама бойынша АИТВ-ның профилактикасына, диагностикалауға және емдеуге бағытталған кешенді қызметтер пакеті қосылып, АИТВ анықталған адамдарға медициналық қызмет көрсетуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілер жетілдірілген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қазақстанда жоспарлы жұмыс, халықаралық ұсынымдарды енгізу, профилактикалық бағдарламаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және емдеу бойынша мемлекеттік қолдау нәтижесінде ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеп, АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупі 2 есе азайған.
Қазір дәрігерлердің алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 95-95-95 стратегиясы бойынша АИТВ індетінің таралуын 2030 жылға дейін тоқтату мақсаты тұр. Бұл дегеніміз – біріншіден, вирус жұқтырғандардың 95 пайызын табу. Екіншіден, жұқтырушылардың 95 пайызына ем жүргізу, үшіншіден, науқастардың 95 пайызында вирус мөлшерін азайту қажет. Біздің облыста бұл көрсеткіштер 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, 71%- 96% – 91% болып отыр. Дегенмен, Атырау облысы бұл көрсеткіштерді орындау бойынша республикалық деңгейде алдыңғы қатарда тұр.