Атырау облыстық АИТВ  орталығы

Теміржолшылармен кездесу

Атырау облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығының мамандары теміржолшылармен кездесті. «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» филиалының жолсеріктеріне эпидемиолог дәрігерлер адамның иммун тапшылығы вирусы туралы толық ақпарат берді.
Жыныстық жолмен және қан арқылы жұғатын, сонымен қатар анадан балаға берілетін бұл дерт кезінде ауру белгілері ұзақ уақытқа дейін байқалмайды, дейді ақ халаттылар. Ал, ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді көп кездесетін, сондай-ақ иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунистік аурулар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромына /ЖИТС/ ұласады.
«Қазір Атырау облыстық АИТВ-ның алдын алу орталығында 430 адам диспансерлік есепте тұр. Дерттің алдын алу мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіледі. Әр адам жылына екі рет қан тапсырып, өзінің статусын біліп жүруі маңызды. Ол үшін АИТВ орталығында тегін қан талдауы жасалады. Соңы жылдары аурудың анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында барлық жүкті әйелдер жүктілік кезінде АИТВ-ға екі мәрте тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, олардың жұптары да тексеріледі» дейді дәрігер эпидемиолог Р.Мұқанова.
Әлемде әзірге АИТВ инфекциясынан толықтай айықтыратын ем де, оған қарсы вакцина да жоқ. Бірақ, жоғары белсенді антиретровирусты терапия жүргізу ауруды баяулатады. Яғни, денеден дерт табылғаннан кейін, жасырынып жүрмей, дереу медициналық көмек алу керек. Вирусты басу арқылы адам өмірін біразға дейін ұзартуға болады.

comments powered by HyperComments

Атырау облыстық ЖИТС орталығы - Сапалы қызмет және әрбір науқасқа жеке көзқарас сапасы!

Яндекс.Метрика
Thomas Hickey Jersey